Назарбаев Университетінде ISEMD 2025 халықаралық симпозиумы өтті
28–30 мамыр аралығында Назарбаев Университетінде (НУ) «Жаңа материалдар мен құрылғыларға арналған IV Халықаралық симпозиум» (ISEMD 2025) өтті. Іс-шараға Испания, АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Түркия, Финляндия, Эквадор, Өзбекстан, Ресей және Қазақстаннан келген 180-нен астам зерттеуші қатысты. Қазақстандық қатысушылар қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Сәтбаев университеті, Абай университеті, Astana IT University және басқа да жоғары оқу орындарының өкілдері болды.
НУ президенті, профессор Вакар Ахмад өз алғы сөзінде климаттың өзгеруі мен экологиялық жағдайдың нашарлауы аясында тұрақты энергетикалық шешімдердің маңызын атап өтті. «Біздің миссиямыздың негізгі бөлігі – жаңартылатын энергия көздері саласындағы зерттеулер мен білім беру. Біз күн, жел және өзге де таза энергия көздері бойынша инновациялық технологияларды әзірлеп, оларды енгізетін болашақ көшбасшыларды дайындап жатырмыз», – деді ол.
Ғылыми бағдарлама аясында 46-дан астам баяндама ұсынылды. Қатысушылар күн батареялары, биомасса, сутегін өндіру және сақтау, сондай-ақ кванттық технологияларға арналған топологиялық материалдар сынды тақырыптарды талқылады. Сонымен қатар биомассадан дәрі жасау, электроникаға арналған «ақылды» полимерлер және болашақтың отыны секілді ғылыми бағыттар кеңінен қарастырылды.
Қазақстандық ғылыми әзірлемелер ерекше қызығушылық тудырды. Назарбаев Университетінің Жаңартылатын энергия зертханасының командасы икемді электроника мен биосенсорларға арналған кеуекті полимерді ұсынды. Бұл материал деформацияға төзімді және киілетін құрылғылардың тиімділігін арттырады. Ал аға ғылыми қызметкер Минавар Шаймардан бастаған биомасса жөніндегі зерттеу тобы жүгері собығынан алынатын фурфурол негізінде гипертонияға қарсы дәрі әзірледі. Фурфурол — АҚШ Энергетика министрлігі болашағы зор биологиялық негіздегі заттардың бірі ретінде таныған органикалық қосылыс.
«Біздің басты мақсатымыз – әлемнің озық ғалымдарын Қазақстанда жинау. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және еліміздің ғылыми жетістіктерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік береді», – деді Назарбаев Университетіндегі Астана ұлттық зертханасының Жаңартылатын энергия зертханасының жетекшісі, профессор Нұршат Нұраже.
Симпозиум Назарбаев Университетінің өңірлік ғылыми орталық ретіндегі рөлін бекемдей түскенін және Қазақстанның жаһандық тұрақты болашаққа ұмтылудағы белсенді қатысуын тағы бір мәрте көрсетті.