News
2025-03-11 17:25 KZ

Қазақстанда жасалған алғашқы микрочип: NU SEDS зерттеушілері алғашқы жергілікті чипті құрастырып шықты

Қазақстан жоғары технологиялар дәуіріне қадам басты – отандық инженерлер ел тарихындағы алғашқы жергілікті микрочипті жасап шықты. Бұл – ұлттық жартылай өткізгіштер индустриясы үшін үлкен жетістік.

Жоба Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің (NU SEDS) Компьютерлік ғылымдар кафедрасында дүниеге келді. Оның жүзеге асуы Қытай ғылым академиясының Университеті және Бейжіңнің ашық кодты чип институтымен әріптестік аясында, "Бір студент – бір чип" бағдарламасының көмегімен мүмкін болды. Сонымен қатар, бұл бастама QazInnovation грантын жеңіп алған қазақстандық TEXER.AI стартапының қолдауына ие болды. Мұның барлығы Қазақстанда өзіндік технологиялық экожүйенің қалыптасып жатқанын көрсетеді.

Бір жыл бұрын қазақстандық студенттер мен инженерлерге чиптерді жобалап, оларды өндіріске жіберу мүмкіндігі берілді.


Нұрсұлтан Қабылқас, NU SEDS Компьютерлік ғылымдар кафедрасының ассистент-профессоры:

"Қазақстан алғаш рет RISC-V архитектурасындағы процессорды әзірлеп, оны өндіріске жіберді – бұл технологиялық тәуелсіздікке жасалған маңызды қадам. Чип өндірісі қытайлық серіктестердің қолдауымен жүзеге асты, бұл оның халықаралық стандарттарға сай болуын қамтамасыз етті. Бұл жоба Қазақстанның жаһандық жартылай өткізгіштер нарығына шығуына жол ашып қана қоймай, зерттеу, білім беру және жоғары технологиялық салаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді. Ол болашақ инженерлер буыны үшін үлкен шабыт көзіне айналады және еліміздің заманауи аппараттық инженериядағы позициясын нығайтады."

Жобаның жетекшісі, Қытай ғылым академиясының (CAS) Есептеу технологиялары институтының (ICT) Компьютерлік архитектура бойынша мемлекеттік зертханасының жетекші маманы, профессор Юньган Бао, бұл жетістіктің ауқымын ерекше атап өтті:

"Бұл – Қазақстанда жасалған алғашқы процессор ғана емес, сонымен қатар "Бір студент – бір чип" бастамасы аясындағы алғашқы халықаралық жоба. Мұның бәрі ашық кодты технологиялардың арқасында мүмкін болды. Біздің мақсатымыз – ашық процессорларды дамыту арқылы чип жобалауды үйренуге барынша көп адамға мүмкіндік беру. Неғұрлым көп маман бұл технологияны меңгерсе, соғұрлым жартылай өткізгіштер саласы қолжетімді әрі инклюзивті болады.

Қазақстан енді технологияларды тұтынушы ғана емес, оларды жасаушы ел. "Қазақстанда жасалған" алғашқы микрочип – бұл тек процессорлар туралы ғана емес, елдің жаңа даму кезеңінің бастауы.