News
KZ

NU SEDS соңғы 40 жылдағы энергия үнемдейтін материалдар бойынша ең ауқымды шолуды ұсынды

Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің (SEDS NU) зерттеушілері Applied Energy ғылыми журналында жылу энергиясын ғимараттарда сақтау үшін қолданылатын фазалық ауысу материалдары (PCM) туралы соңғы 40 жылда жарияланған ғылыми еңбектерге сыни шолу жасады. Авторлар 1983 жылдан 2024 жылға дейін жарық көрген 271 шолуды талдап, әлемде алғаш рет осындай ауқымды қортынды жұмыс жасады.

Applied Energy журналы өз саласында көш бастап тұр: импакт-факторы – 10.1, Scopus деректер базасы бойынша «Құрылыс және архитектура» санатындағы 223 журналдың ішінде 1-орында (99-перцентиль).

Жоба Назарбаев Университетінде басталған. Идея авторы – NU-дің бұрынғы магистранты, қазіргі уақытта Вашингтон штаты университетінің PhD докторанты Абрар Ахмад. Зерттеу жұмысы SEDS ғылыми істер жөніндегі вице-деканы, доктор Шазим Мемонның жетекшілігімен жүргізілді.

Авторлар не істеді:

  • Соңғы 40 жылда жарық көрген барлық шолу мақалаларын жинап, талдады;
  • Тақырыптағы олқылықтар мен зерттелмеген тұжырымдарды анықтады;
  • PCM материалдарының толық дерекқорын жасақтады: техникалық сипаттамалар және өндірушілерге сілтемелер берілді;
  • Материалдарды қолданудың экономикалық және экологиялық тиімділігін бағалады;
  • PCM-ды басқа инженерлік шешімдермен (табиғи желдету, пассивті салқындату және т.б.) салыстырды.

Мақаланың толық мәтінін мына сілтеме арқылы оқуға болады.