Назарбаев Университетінде IESO 2026 халықаралық олимпиадасының ұлттық іріктеу кезеңі өтті
2026 жылғы 28 ақпан мен 1 наурыз күндері Астанадағы Назарбаев Университетінің Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің (ТІЖТҒМ) базасында International Earth Science Olympiad (IESO) 2026 халықаралық олимпиадасының ұлттық іріктеу кезеңі өтті. Іс-шара университет кампусында офлайн форматта ұйымдастырылып, оны өткізуге ТІЖТҒМ мен «Жас геолог» корпоративтік қоры атсалысты.
International Earth Science Olympiad (IESO) — геология, геофизика, метеорология, океанография және астрономия секілді бағыттарды қамтитын Жер туралы ғылымдар саласындағы беделді халықаралық олимпиадалардың бірі. Бұл олимпиада аталған салаларға ерекше қызығушылық танытатын және жоғары дайындық деңгейін көрсететін мектеп оқушыларын біріктіреді. Әр елдің намысын олимпиадада төрт оқушыдан тұратын ұлттық құрама қорғайды.
Ұйымдастырушылардың мәліметіне сәйкес, IESO 2026 олимпиадасы 2026 жылғы 20–27 тамыз аралығында Италияның Турин қаласында өтеді. Қазақстан құрамасының олимпиадаға қатысуына байланысты шығындар, соның ішінде командалық жарна, әуе билеттері және арнайы форма, ұлттық құраманың қатысуының бас демеушісі — Shakhmardan Yessenov Foundation қорының қолдауымен қамтамасыз етіледі.
Ұлттық іріктеу кезеңіне Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен келген мектеп оқушылары қатысты. Іріктеу екі кезеңде өткізілді. 28 ақпанда қатысушылар Жер туралы ғылымдардың негізгі бағыттарын қамтитын жазбаша тестілеуден өтті. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша үздік 11 қатысушы финалдық кезеңге жолдама алды.
1 наурызда өткен финалдық кезеңпрактикалық тапсырмалар мен сұхбаттан тұрды. Қатысушылар геологиялық материалдармен жұмыс істеп, өздерінің практикалық және аналитикалық дағдыларын көрсетті. Сондай-ақ финалдық сұхбат Назарбаев Университетінің профессорларының қатысуымен өтті. Екінші күннің қорытындысы бойынша төрт финалист анықталып, олар IESO 2026 халықаралық олимпиадасында Қазақстан атынан қатысу құқығына ие болды.
Қазылар алқасының құрамына Назарбаев Университетінің Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің профессорлары кірді. Іріктеу үдерісіне қатысқан ТІЖТҒМ профессорларының қатарында George Paul Mathews, Jovid Aminov және Kamal Regmi болды.
Ұлттық іріктеу кезеңінің нәтижесінде келесі оқушылар International Earth Science Olympiad 2026 олимпиадасында Қазақстанның атынан қатысатын болды:
Nuriya Mukhanbetali — Karaganda BIL
Sara Mukhtarkhanova — Astana BIL
Mansur Tursungaliyev — Pavlodar NIS
Amir Darynov — Oskemen BIL
Байқау бағдарламасы аясында қатысушылар университеттің академиялық ортасымен танысу мүмкіндігіне де ие болды. Іс-шара бағдарламасына Назарбаев Университеті кампусы бойынша экскурсия енгізіліп, оқушыларға университеттің білім беру ортасын жақынырақ тануға жағдай жасалды.
Назарбаев Университетінде ұлттық іріктеу кезеңін өткізу Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің Қазақстандағы Жер туралы ғылымдар саласындағы білім беруді дамытуға қосқан маңызды үлесін көрсетеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген дарынды мектеп оқушылары үшін бұл шара ұлттық құрама сапына іріктелу мүмкіндігімен қатар, университеттің академиялық ортасымен танысып, геоғылымдарға деген қызығушылықтарын тереңдете түсуге жол ашты.
Назарбаев Университетінің Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі осы маңызды бастаманың бір бөлігі болғанын мақтан тұтады және барлық қатысушыларды, финалистерді және серіктестерді ұлттық іріктеу кезеңінің сәтті аяқталуымен құттықтайды. Ұлттық құраманы даярлау және халықаралық олимпиадаға қатысу жұмыстары алдағы уақытта «Жас геолог» КҚ және бас демеуші Shakhmardan Yessenov Foundation қолдауымен жалғасады.