News
2024-12-04 11:49 KZ

SEDS студенті әлемнің үздік журналдарына мақалалар жариялап, докторантураға жол тартуда!

Назарбаев Университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде (SEDS) білім алушы студенттер тек теориялық біліммен шектелмей, ғылым мен жаңалықтарға өз үлестерін қосып жүр. Осы күндері «Механикалық және аэроғарыштық инженерия бакалавры» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан төртінші курс студенті Мерей Сембай — ғылыми жолда өзіндік таңбасын қалдырып жүрген жастардың бірі. Мерейдің мақалалары Q1 санатына жататын және импакт-факторы 13 болатын әлемнің ең беделді журналдарында жарияланды. Бұл жетістік оның ғылымдағы мол әлеуетінің белгісі болмақ. Айта кетерлігі, Мерей — профессор Гүлнұр Қалимолдинаның бакалавриаттан тікелей докторантураға түсуге талпынып жатқан үшінші шәкірті.

Профессор Қалимолдина өз шәкіртіне зор сеніммен қарайды:

«Мұхтар Шахановтың «Үлкен болып қалу үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға» деген сөзімен айтқанда, біз үлкен армандарға қол созған, сол арман жолында талпынған жастарды тәрбиелейміз. Мерей — солардың бірі. Қазір ол үшінші мақаласын жазып жатыр және шетелдегі докторантура бағдарламаларына құжат тапсырып та үлгерді. Мен оның болашағынан зор үміт күтемін», — дейді профессор Қалимолдина.

Мерейдің ғылыми зерттеулері трибоэлектрлік және пьезоэлектрлік наногенераторлар саласына бағытталған. Бұл зерттеулер тұрақты энергия мен киілетін технологиялардағы жаңа трендтермен ұштасып, үлкен маңызға ие.

«Инженерияға келген әрбір студент әлемді жақсартуды армандайды. Мен де солардың бірімін. Қоғамдағы өзекті мәселелерді инженерия арқылы шешуге деген қызығушылығым мені ғылыми-зерттеулер әлеміне жетеледі. Біздің университеттегі Микро және наноинженерия зертханасы зерттеушілер тобына қосылып, трибоэлектрлік және пьезоэлектрлік наногенераторлармен таныстым. Мені олардың тұрақты энергия көздері мен өздігінен қуатталатын датчиктер құрастыратыны қызықтырды. Бұл тақырыпқа тереңірек бойлау үшін әдебиеттерді зерттедім әрі ріптестеріммен бірлесе отырып, «Пьезоэлектрлік және трибоэлектрлік наногенераторлардың тиімділігін арттыру үшін кеуекті құрылымдарды жобалаудағы прогресс» атты шолу мақаласын жазып шықтым. Мақала Global Challenges журналында жарық көрді. Осы зерттеулерден шабыт алып, доктор Шабнам Яваримен бірге поливинилхлоридті құбырлардың қалдықтарын электроспиннинг әдісімен жоғары өнімді наногенераторларға өңдеу бойынша жұмысқа кірістік. Бұл процесс туралы біздің келесі мақаламыздан оқып біле аласыздар», – дейді ол.

Мерей бұл жетістіктерге сауатты жоспарлау және SEDS-тегі оқытушыларының арқасында қол жеткізгенін айтады.

«Жоспарлау – бәрінің іргетасы. Менің оқуға, зерттеулерге және жеке шаруаларыма арналған қойын дәптерлерім бар. Сонымен қатар, маған қиындықтарды еңсеруге тәлімгерлермен еш бүкпесіз ашық әңгімелесу көмектесті», – дейді ол.

Оның ғылымға енді келгелі отырған жастарға айтары:

«Күтудің қажеті жоқ. Ертерек бастап, өз бастамаларыңызбен шығуға тырысыңыздар. Күткен адамға мүмкіндіктер өздігінен келмейді. Сыни тұрғыдан ойлау, академиялық жазу, есептер шығару сияқты маңызды дағдыларды дамытуға тырысыңыздар. Өзіңізге қолдау көрсететін тәлімгер табыңыз. Маған профессор Гүлнұр Қалимолдинамен жұмыс істеу бақыты бұйырды – оның қолдауы мен талапшылдығы зерттеуге деген көзқарасымды қалыптастырды. Беделді журналдарда мақала жариялау қиын, бірақ сіз өзіңізді шынымен қызықтыратын тақырыпты таңдасаңыз, табандылық пен дәлдікке құштарлық өз жемісін береді. Конференцияларды да ұмытпаңыз – олар идеялармен алмасуға және жұмысыңызды жақсартуға көптеген мүмкіндіктер береді».

Мерейдің жетістікке жетуінде SEDS-тегі мүмкіндіктер басты рөл ойнаған. Бұл туралы ол былай дейді:

«SEDS-те мен заманауи зертханаларға, керемет тәлімгерлерге және Абу-Даби мен Шанхайдағы форумдар сияқты халықаралық жобаларға қол жеткіздім. INESS-те «Үздік постер» номинациясын жеңіп алу сапалы көрнекіліктер мен түсінікті презентациялардың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеген үлкен сәт болды», – дейді ол.

SEDS-те «Механикалық және аэроғарыштық инженерия бакалавры» бағдарламасы бойынша білім алу тәжірибесі оның зерттеу мен академиялық мақсаттарында табысқа жетуіне қалай көмектескені туралы айта отырып, ол былай дейді:

«Бұл бағдарлама маған мықты теориялық және практикалық негіз берді. Курстар проблемаларды жүйелі түрде шешуге үйретті, ал жобалар бұл білімімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді. Сондай-ақ бағдарлама пәнаралық ойлауды ынталандырды, бұл өз кезегінде ой-өрісімді кеңейтті. Бағдарлама менің ғылыми көзқарасыма маңызды әсер етті және табысты жарияланымдар мен академиялық мақсаттарға дайындады».

Мерейдің әңгімесі SEDS-тің инновацияға және көшбасшылыққа ұмтылған студенттерге бірегей мүмкіндіктер беретінінің жарқын мысалы. Мұнда әрбір студент білім алып қана қоймай, өз саласының болашағына нақты әсер ете алады.